Ректоратта белгілі жазушы, журналист, қайраткер Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл толуына орай шығарылған «Өнегелі өмір» сериясының тұсау кесері өтті

2018 жылдың 21 қыркүйегінде  болды. «Өнегелі өмір» сериясы кітабының салтанатты тұсау кесеріне ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері қатысты. Өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға кітапхана тарапынан ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев – жазушы, журналист, қайраткер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.       Көрмеде автордың Ұлы Отан соғысы жылдарында туысқан Украина жерінде ту көтерген партизандар өмірі, басқа ұлттар өкілдерінің өшпес  ерлігі мен мәңгі достығы баяндалған «Замандастар сыры», әрқилы жағдайда болған оқиғалардың негізіне сүйеніп жазылған «Тасқын», «Сарғабанда болған оқиға», совет чекистерінің жиырмасыншы жылдардағы ішкі және сыртқы жаулармен күрестегі ерлік істері сипатталған «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», совет чекистері мен милиционерлерінің қиын да қызықты өмірін баяндаған «Көмескі із», таңдамалы шығармаларының бес томдығы мен ғалымның өмір жолы мен еңбегі туралы естеліктер жазылған С. Қирабаевтың «Өмір тағылымдары», Қ. Тоқаевтың «Азамат» сынды туындылары көпшілік назарына ұсынылды.