«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 кітап» жобасынның кітаптары туралы студенттердің пікірлері»

Нұрдан Айбота, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің 1-курс студенті:  Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, оның шеңберінде көптеген бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі.  Солардың бірі –  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 кітап». Менің ойымша, бұл оқулықтар, сөзсіз, гуманитарлық білімнің дамуына әсер етеді және біз үшін, жас ұрпақ үшін аса маңызды. Біз ғылыми жағынан дамуымыз керек, мемлекет жастардың білім алуына, дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіміз үшін барлық жағдайды жасап отыр. Қазіргі таңда 100 оқулықтың 18-і аударылып, шығарылды және олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кітапханасына түсті. Біз, студенттер, бұл кітаптарды қарап қана қоймай, оқу залында , сондай-ақ үйде электронды форматта оқи аламыз. 
-    Аударма қалай, қарапайым студенттер үшін терминдері түсінікті ме?
- Міне, мынау заманауи психология бойынша кітап. Маған, биология және биотехнология факультетінің студентіне, бұл кітап керек, өйткені біз психологияны оқимыз және бұл кітап студентке түсінікті тілмен жазылған.

Қуаныш Інжу, химия және химиялық технология факультетінің 1-курс студенті: Менің педагогикалық мамандығыммен тығыз байланысты болғандықтан, психология туралы кітаптар қатты ұнайды. Осы күнге дейін психология туралы кітаптарды тек орыс тілінде ғана оқып келдім. Қазір мен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 кітап» жобасы аясында шығарылған психология тарихы бойынша кітаптарды қарап шықтым және олар маған қатты ұнады. Себебі біздерге, бірінші курс студенттеріне, ғылыми тілде оқу қиындықтар туғызуы мүмкін, бірақ бұл оқулықтардың тілі жатық. Мен өзіме осы кітаптардың барлығын оқып шығуға уәде бердім. Мемлекетке осындай қоғамға маңызды жоба үшін алғысымды білдіремін.