«Өнегелі өмір» сериясындағы жаңа кітаптың тұсаукесері

2018 жылдың 1-ші ақпанында әл-Фараби атындағы кітапхананың  үлкен конференция залында қазақтан шыққан тұңғыш музыка зерттеушісі, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, өнер ғылымының докторы, профессор, академик-композитор, дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың «Өнегелі өмір» топтамасындағы   арнаулы шығарылымының тұсау кесері болды.

«Өнегелі өмір» сериясы кітабының салтанатты тұсау кесеріне музыка өнерінің көрнекті қайраткері – А. Жұбановтың балалары, ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, университеттерден өкілдер қатысты. Көпшілік қауымға Ахмет Жұбановтың өмір, ғылым, еңбек жолы туралы бейнеролик көрсетілді, баяндамалар оқылды, және де «Құрманғазы оркестірінен» келген музыканттарының оркестр репертуарынан орындаған күйі көпшілік қауымды тәнті етті. Кітапхана тарапынан Халқымыздың рухани қазынасына айналған қазақ музыкасының үлкен жанашыр насихаттаушысының артында қалған шығармалары мен оның жүйрік қаламынан туған зерттеу кітаптары, оған арналған ҚазҰУ университет өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің газет пен журналдарға жазған мақалаларынан жинақталған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге халық артисінің музыка мамандары үшін, жалпы қауым үшін де  қазақ музыкасының әр-түрлі жанрларының қалыптасу, өсу жолдары, халық аспаптарының шығу тарихы, опера, балет, күй  мәселесі баса айтылған «Ән-күй сапары» атты жинағы; қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосына арналған «Ғасырлар пернесі» атты очерктері, орыс тілінде жарық көрген очерк «Струны столетий»; сонау Біржан салдан бастап қазіргі кездегі ән қайраткерлері жайлы баяндалған, көп жылдар бойында жүргізген ғылыми, зерттеу жұмысының нәтижесі – «Замана бұлбұлдары», орыс тіліне аударылғаны «Соловьи столетий»; күйші-композитор Құрманғазы жөніндегі деректер келтірілген «Құрманғазы» еңбегі; халық артисі Мұқан Төлебаевтың өмрі мен творчествалық жолы баяндалған очерк «Мұқан Төлебаев» сынды еңбектері қойылды. Академиктің өмір жолына, творчествасына, ғылыми қоғамдық қызметіне тоқталып өткен,  замандастарының, шәкірттерінің эссе-естеліктері жайлы жазылған Б.Гизатовтың «Академик Ахмет Жубанов», Ж.Рсалдинның «Ахмет Жұбанов» оқырман назарына ұсынылды. Өнер қайраткерінің ғылыми дарыны да басқа ғылым салаларында ұрпақтарымен жалғасын табуда. Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың «Әйелдер аралы», «Виолончельмен оркестрге арналған Концерті» енген «Жұбанова Ғазиза: Шығармалар» атты жинағы, композитордың әр жылдары жазылған шығармаларының партитурасы берілген «Жұбанова Ғазиза: Партитура» оқырмандар арасынан өз бағасын алды.

Ахмет Жұбановтың қызы  Ажар Жұбанова айтқандай қазақ даласының ерекше музыкасын әлемге жеткізуді, қазақ халық музыкалық аспаптарын дүние жүзі халықтарының байлығына айналдыруды мақсат еткен, елінің музыкалық жан-дүниесін бүкіл адамзатқа танытқан әйгілі композитор – Ахмет Жұбанов – әлемдік мәдениеттің биік тұғырында мәңгілік қала бермек.
                                                     

                                                             Кітапханашы-менеджер Шыганбаева Ж.А.