Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі әл-Фараби кітапханасында

2017 жылғы 20 қыркүйек күні Әл-Фараби кітапханасы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебі және журналистика факультетінің студенттерімен бірлесіп, ҚР халықтарының тілдері күніне орай «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. 

22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні. Бұл – барша елге ортақ, жалпыхалықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет. Елімізде қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама.  Біздің университетте де өз ана тілімен қатар мемлекеттік тілді де, шетел тілдерін де жетік меңгерген көптеген ұлт өкілдері білім алуда.

Кештің мақсаты – көп ұлтты мемлекеттімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың тілін, мәдениетін, дәстүрін құрметтей отыра, қазақ тілі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру,  студенттердің мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін арттыру, таза сөйлеуге үйрету, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру. 
Студенттер аталмыш іс-шараға белсене қатысып, қазақ, орыс, ағылшын, француз және т. б. тілдерде өлең оқып, ән салып, қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде мақал-мәтел айтып, жаңылтпаштар сайысын ұйымдастырып, өз білімдерін көрсете білді.