Әл-Фараби атындағы ҚазҰҰ кітапханашылары – «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» атты халықаралық симпозиумының қатысушылары

2017 жылдың 25-27 маусым аралығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министірлігі қолдауымен Халықаралық ЭКСПО - 2017 көрмесі аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ҚР Ұлттық музейінің бірлесуімен кітапхана саласының көкейкесті мәселелеріне арналған «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» атты халықаралық симпозиумы өтті. 

Отандық және шетелдік кітапханалардың мамандары, мұражай қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, дипломатиялық корпустың, шетелдегі қазақстандық мәдениет орталықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері және ақын-жазушылар атсалысуымен өткен бұл халықаралық симпозиумға әл-Фараби кітапханасынан бас библиограф-менеджер Ш.Б. Мұқашева, эксперт-менеджер А. Құсайыновалар қатысты.

 ТЮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы  Д.К. Қасейінов жүргізген Пленарлық отырыста құттықтау сөздерімен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық Комиссияның бас хатшысы А.Е.Өтегенова, Швеция корольдігінің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристиан Камилл, Австрия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Герхард Сайллер, Ресей мемлекеттік кітапханасының бас директоры В.И. Гнездилов, Түркия Ұлттық кітапханасының бас директоры Зульфия Томан шықты. Сонымен қатар, Италия, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Әзірбайжан, Корея елдерінің ұлттық кітапханаларының басшылары мен өкілдері сөз алып, конференцияның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын  және халықаралық ынтымақтастық, мәдениетаралық алмасуға ерекше зейін қою қажеттігін атап өтті.

27 маусым күні әл-Фараби кітапханасының кызметкерлері Назарбаев университетінде өткен  «Бүкіләлемдік ақпарат кеңістігіне ресурстардың интеграциялануы» атты 5–ші секция жұмысына қатысып, виртуалды кеңістіктегі кітапханалар, ақпараттық қоғамдағы Ұлттық кітапхана: оның қазіргі және келешектегі орны, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстанның электронды кітапханалары тақырыптары төңірегінде өрбіген басқосуға атсалысып, секция жұмысының жемісті өтуіне өз үлестерін қосты. Секция жұмысының соңында барлық қатысушыларға «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» халықаралық симпозиум жұмысына қатысушы сертификаты берілді. Сондай-ақ, симпозиум барысында бірқатар Қазақстанның кітапхана және музей қызметкерлері шығармашылық жетістіктері үшін марапатталды. Біздің әріптесіміз, әл-Фараби кітапханасының бас библиографы Ш.Б. Мұқашеваға Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісі табыс етілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасы симпозиумның жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтуіне барынша өз үлесін қосқан еліміздің бас кітапханаларының бірі – Ұлттық академиялық кітапхананың ұжымына алғыс айтып, шығармашылық табыс тілейді.