Түлектермен кездесу

80 жылдан аса тарихы бар, мәртебелі түлектерімен мерейі үстем болған «жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының көшбасшысы» - ҚазҰУ-де аталып өткен түлектер күніне орай, 2017 жылдың 26 мамырында журналистика факультетінде өткен түлектердің салтанатты басқосуына ұйымдастырылған факультет  түлектерінің шығармашылығына арналған кітап көрмесі әл-Фараби кітапханасы тарапынан көпшілік назарына ұсынылды.

Әр жоғары оқу орнының атқарып жатқан жұмысының айқын көрсеткіші – ол түлектері, олардың жеткен жетістігі. Кітапханамыз үшін теңдессіз қазына сол түлектеріміздің жазып қалдырған еңбектері.  Қазақ журналистикасының  дамуына елеулі үлес қосқан, журналистика мамандығын игерген қырық жылдықтарына жиылған түлектер – Иманғалиұлы Нұртілеу, Әжімұратов Сәпи, Аязбеков Жасұзақ, Әбілов Қонысбай, Мұқышева Гүлсім, Оспанов Сейтқұл, Байхонов Серікбай, Сахиев Жүніс сынды еңбек қайраткерлердің мол мағлұмат пен өнеге алатын еңбектері көрмеге қойылды.

Оқырман қауымды бейтарап қалдырмаған қаламгерлердің әдеби мұрасы Байбота Серікбайұлының шабыт шуағына бөленген түн қараңғылығында туындаған «Сам жамыраған шақ» қалам еңбегі;   өлең өлкесіне алғашқы адамынан бастап, салмақты жыр, салмақты сезім керек деп, өзіне салиқалы жауапкершілік жүктей келген ақын – Ұлықбек Есдәулеттің көптің көкейіндегісін көркемдік қуатпен жырлаған көшелі туындылары іріктелеген томдықтары, тарихи ұлы тұлғалардың ғұмырларының беймәлім қырларын ашатын  «Әбілхаят» еңбегі; зерттеуші ғалым Серікқали Байменше алыстағы қандас ағайынның тыныс-тіршілігі жайында жан-жақты баяндайтын «Мұрагер»; Серік Жанәбіловтың репрессияға ұшыраған талант иелері жайлы «Молыбай қобызшы» әңгімелер жинағы; халықаралық Байқоңыр сыйлығының лауреаты, жазушы фантаст Сахиев Жүністің жалпы сериялы ғылыми-болашақтық романдарындағы оқиғалар жер беті, жер асты, су беті, су асты, ғарыштағы адамзат келешегін ғылыми негізде көркем сөзбен көзге елестетіп, оқырманына терең ой салатын «Күзетші», «Космотарих», «Жасампаздық қиырында» ғылыми болашақтық романдары; филология ғ.д. Серікқали Байменшенің жалпы руханиятқа, ұлттық әдебиет пен баспасөзге, тіл мен мәдениетке, тарихи деректер жаңаша пайымдалған «Сәт сағат» еңбегі көпшілік ықыласына бөленді.

Және басқа да көптеген өткенді, барды дұрыс бағалай білуіне көмек көрсететін, бастан өткен нәубет жылдарды, қазақтың өр рухты, жігерлі ұлт болғанын айғақтай түсер, ар мен ұрпақ алдындағы аманатты ұлықтайтын түлектер еңбектері көрмеде өз орнын тапты.

Оқырмандар назарына кітапхана қорынан алпысқа тарта әдебиет ұсынылып, кітаптарға шолу жасалынды.

Бүгінгі күннің міндеті – өткені мен бүгінін таразыға сала алатын, келешегінің сабағын ертеңіне бағдар еткен рухтары асқақ, жандары таза жастарды тәрбиелеуде жасалған кітап көрмесінің орны ерек болар. Әрбір талапты жастың арманына жол ашатын кітаптар саны ылайым арта берсін деген ниеттеміз.