«Жыл оқырманы – 2017» байқауының жүлдегерлері анықталды

Студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын  арттыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен 2012 жылы  «100 кітап» жобасы «Жас қазақ» газетінің ақпараттық қолдауымен әзірленді, оның аясында ҚазҰУ студенті оқуға тиіс үздік отандық және әлемдік классиктердің шығармалары таңдалды және 100 кітаптың тізімі құрылды. Жобаның негізінде әр факультетте конференциялар ұйымдастырылып, «100 кітап» тізіміне шығармасы енген авторлармен кездесу кештері өтуде. Әл-Фараби кітапханасы биыл үшінші жыл оқырман-студенттер арасында жалпыуниверситеттік «Жыл оқырманы» атты іс-шарасын ұйымдастырып, күні кеше қорытынды кешін кітапхананың үлкен залында салтанатты түрде атап өтті.

Іс-шараның мақсаты -  «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасын негізге ала отырып, ғылым мен техника қауырт дамыған, жастардың жаппай компьютерлік технологиямен әуестенуі кезеңінде студенттер арасында рухани құндылықтарды өркендету және классикалық туындылардың құндылығын дәріптеу, бәсекеге қабілетті жан-жақты білімді болуға жол ашу. Сол арқылы шығармашылыққа тәрбиелеу және жастар арасында кітап оқитын студенттің тартымды, заманауи бейнесін қалыптастыру.   

Сайыс барысы қыркүйек айынан бастау алып, жыл бойына созылды. Нақтылай айтсақ, байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде кітапхана оқу залдары мен абонемент қызмет көрсету орталықтарына, ҚазҰУ студенттерінің «Көмек» қоғамдық қоры мүшелері, студенттік декандар, факультеттердің белсенділеріне арнайы тапсырылған 15 сұрақтан тұратын сауалнама парақшалары кітапханаға келген студенттер арасында толтырылып, бұған 500 тарта студент қатысты. Сауалнамада студенттің кітап оқу деңгейін анықтау мақсатында анықтамалық ақпараттан басқа төмендегідей сұрақтардан құралды: 

«Сіз «100 кітап»  тізімінен қанша кітап оқыдыңыз?», «100 кітап» тізіміне енген, есіңізде қалған, әсері мол көркем шығарманы сипаттап жазыңыз», «Өзіңіздің ең сүйікті авторыңызды атаңыз, «100 кітап» тізіміне қандай жаңа кітаптар қосуды ұсынар едіңіз?» және т.с.с. сұрақтар ұсынылды. 
Жалпы сауалнаманың қорытындысының нәтижесінде ең көп оқылатын  қазақ шығармаларынан М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы, М.Мақатаев пен М.Шахановтың өлеңдері,  орыс әдебиетінен Л.Н.Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» болса, америкалық жазушы Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі, Д.Лондонның «Теңіз қорқауы» ҚазҰУ студенттері ең көп оқитын шығармалардың қатарына кірді. 

Сауалнамаларды іріктеу барысында студенттің қанша кітап оқығандығын және сүйікті кітаптарының қысқаша сипаттамасын сауатты беруі, ойының ұшқырлығы, өз пікірін терең бере білу қабілеті, кітап оқуға деген құлшынысы мен қабілеттері  ескеріліп, екінші  кезеңге 40 үміткер өтті. 
Қатысушылар тізімге енген ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, берілген шығармалардан үзінді, монологтарды мәнеріне келтіре орындаған студенттер зеректігімен, өзіндік қарым-қабілет, талантымен танылды. Тартысты бәсекенің нәтижесінде  18 студент келесі үшінші кезеңге (оқырмандар конференциясына) жолдама алды. Үшінші кезеңнің шарты бойынша студенттер өзара пікірталас жасап, классикалық шығармаларды талдау барысында еркін дебат жасады. Үшінші кезең бойынша студенттердің ең қызыққан, жақсы игерген шығармаларының қатарынан М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ә. Нүрпейісовтің «Қан мен тері», М.Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романы, Абай өлеңдері, М. Мақатаевтың шығармалары танылды. 

Қорытынды марапаттау кешінде қатысушылар өздерінің өнерлерін ортаға салып, келген қонақтар мен көрермен, жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Филология және заң факультетінің студентері қазақ халқының тарихына байланысты кітаптардың желісімен «Мәңгілік ел» атты театрландырылған көрініс қойып, қазақ тарихы мен әдеби кітаптардан алған білімдерін ұштастырып, көпшілікке көрсете білді. Физика-техникалық факультетінің студенттері Жұманова Айсана мен Асанов Хангелді С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» үзінді оқыса, механика-математика факультетінің студенті Алтынбекова Гаухар мен филология факультетінің студенті Өтегенов Бекет қазақ ақындарының өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

Марапаттау сәтінде номинанттар мен жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен төмендегідей ретпен жүлдегер атанды. Жалпы 7 номинация, 2 екінші орын, 3 үшінші орын және жыл оқырманы ретінде 1 орын  берілді. Номинация иегерлері ретінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Кәдірбек Балжан, физика-техникалық факультетінің 1 курс студенті Өмірханов Нұрболат тізімге енген ақындар шығармашылығын ерекше  жатқа оқығандары үшін «Өлең-сөздің білгірі» атанса, физика-техникалық факультетінің студенті Төлен Динара  қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын дендеп оқығаны үшін «қазақ әдебиетінің білгірі», механика-математика факультетінің 1 курс студенті Жұманова Айсана орыс әдебиетінің классикасынан мүдірмей жауап бергені үшін «орыс әдебиетінің білгірі» болды. Физика-техникалық факультетінің 1 курс студенті Амангельдиева Жансая әлемдік классикаға құмар екендігін танытып, «Шетел әдебиетінің білгірі», физика техникалық факультетінің 1 курс студенті Алтынбекова Гаухар «Кітапхананың тұрақты оқырманы» атанды. Сонымен қатар, іс-шараның «Менің шығармадан алған әсерім» атты эссе, пікір жазуға арналған кезеңі болды. Осы айдармен өткен жылы (2016) «Менің шығармадан алған әсерім» атты пікірлер жинағы және  100 кітап тізіміне енген кітаптардан «Қызықты үзінділер» шыққан болатын. Биыл да аталған дәстүрді жалғастырып, үздік пікірлер жинағын шығару жоспарланып отыр. Осы жолы оқыған кітабы туралы пікірлер арасынан филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Датқабай Салтанат тілінің шұрайымен, ойының ұшқырлығымен ерекшеленіп «Ең үздік пікір» иесі атанды. Үшінші орынды экономика және бизнес жоғарғы мектебінің 1 курс студенті Жолдас Ақмарал, заң факультетінің 1 курс студенті Таңатар Әсет пен филология факультетінің 1 курс студенті Қайнарқызы Гүлден иеленді.  Екінші орынды филология және әлем тілдері факультетінің студенттері Мұратханова Алуа мен Өтегенов Бекет бөлісті. 

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс» 10 кітаптың 80 кітабын оқып, іс-шара талаптарының барлық сұрақтарына жауап берген  «Жыл оқырманы – 2017»  жеңімпазы физика-техникалық факультетінің 2 курс студенті Асанов Хангелді. Жүлдегерлерге сый ұсынан «Қазақ университеті» баспа үйінің директоры Асан Алмас Талғатбекұлы және жас кәсіпкер «Step by step» тіл үйрету орталығының директоры Айбек Шегебаев үшінші, екінші орын иегерлеріне 2 айлық, 1 орын иесіне 1 айлық тегін тіл оқуға мүмкіндік беретін сертификат ұсынды. Жүлделерді  әл-Фараби кітапханасынан кітаптар мен дипломдарды филология факультетінің доценті Л. Мұсалы, кітапхана директорының орынбасары Ж. А. Әрекенова  мен  бас кітапханашысы Р. Ө. Кипчакбаева табыстады.  

Байқауға белсене қатысқан, ең көп үміткерлерімен ерекшеленген «Ең белсенді факультет» номинациясымен механика-математика факультеті алға шықты. Жүлде мен арнайы диплом осы факультеттің аға эдвайзер кураторы Зубхарова Эльмира Мукановнаға табысталды. 
«Жыл оқырманына» қатысушылар студенттер «100  кітап» тізіміне қатысты жаңа заманауи, материалдық құндылықтарға тәрбиелейтін, психологиялық  кітаптардың тізімі жеке және 100 кітаптың тізімі 200-ге жетсе деген ұсыныстар айтылды. Болашақта студенттердің ұсыныстары талқыланып, жаңа тізім жасау қолға алынбақ. Бұл алдағы уақыттың ісі...

«Жыл оқырманы - 2017» іс-шарасының  ұйымдастырылып жүзеге асуына жетекшілік еткен  әл-Фараби кітапханасының директоры Туенбаева Қалима Төлеубайқызына және демеушілерімізге  алғыс білдіреміз.

Іс-шараның жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, қызықты да жемісті өтуіне басқарма басшысы А. Жаманкөзева, бас кітапханашылар Р. Кипчакбаева, Ж. Манапбаева, Қ. Көбегенова және Ж. Шығанбаевалар ат салысты. 

Ұзақ уақытқа созылған байқаудың нәтижесінде әр факультеттің түрлі көзқарастағы студенттері жұдырықтай жұмылып, мақсаттары бір арнаға тоғысты. Нағыз ҚазҰУ-дай ірі оқу орнының болашақ білікті маманы, елдің элиталары ретінде бір жерден табыла білді. Білім мен бірліктің басын біріктіре білген студенттер үлкен белестерді бағындырады деп сенеміз!  Жыл өткен сайын «100 кітап» жобасы аясында «Жыл оқырманы» сайысына қатысушы студенттердің көкжиегі кеңеюде. Іс-шараның түпкі мақсаты да әрбір ҚазҰУ студентінің кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, кітап оқудың  күнделікті дағдыға айналуына бағыт беру.

Еліміздің ертеңі үшін барлық қуат қайраттарын білімге, оқуға жұмсайтын оқырмандар саны артсын!

Мұқашева Ш.Б., іс-шара  үйлестірушісі