«Қазақстандықтар Ауған соғысында: тарихы мен бүгіні» атты ғылыми-тәжірбиелік конференция

21 сәуір 2017 жылы әл-Фараби кітапханасының үлкен конференция залында тарих, археология және этнология факультетінің ұйымдастыруымен тарихшы ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Сайлан Болат Санабайұлының 50-жасқа толу мерейтойына арналған «Қазақстандықтар Ауған соғысында: тарихы мен бүгіні» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы өтті. Әл-Фараби кітапханасының тарапынан конференцияға арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген, жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың қаралы парақтарының бірі болып қала беретін Ауған соғысының тарихына қатысты және осы шырғалаңы мен азабы аз болмаған соғысқа қатысу маңдайына жазылған Сайлан Болат Санабайұлының еңбектері мен мақалалары қойылды. 

Қаруын қаламға алмастырған Ауған соғысының ардагері күш-жігері мен әл-ауқаты мол интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген, саяси ойынның құрбандығына шалынған жас ұрпақтың тағдырын, Ауғанстан мен КСРО арасындағы әскери-саяси жағдайды, соғыстың тарихын «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітабында баяндап берген. Қазақта «жоғалсам іздеушім, адассам сұраушым бар» деген сөз бар. Хабарсыз кеткендердің саны тоғыз жылдан аса уақытқа созылған Ауған соғысында да аз болған жоқ. Ауғанстанда тұтқынға түскен, із-түзсіз жоғалғандар тақырыбына айналған ғылыми мақалалары оқырман назарына ұсынылды. Бүгінгі күндері 100-ден аса ғылыми-көпшілік мақалалар мен оқу әдістемелік құралдардың авторы – Болат Сайланның Отан сүюдің мәнін, ерліктің үлгісін, боздақтардың рухын танытатын «Боздақтар мәңгі жадымызда», XX ғ. басында Қазақстандағы жастар ұйымдары мен Қазан төңкерісінен кейін құрылған комсомол одағының тарихына арналған «Кеңестік биліктегі Қазақстанның жастар саясаты: тарихы мен тағылымы (1917-1991)» атты ғылыми еңбегі; жанқиярлық ерліктері, күрескерлігі сипатталған «Кеңестік Қазақстанның фашизмге қарсы күресі, жаңа көзқарастар мен ұсыныстары» сынды еңбектері оқырмандар арасында ықыласқа бөленді. 

Ауған соғысы ардагерлері мен соғысты зерттеушілердің  туындылары мен еңбектерінің санын көбейтіп, келешек ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу құндылықтарын жоғары қою асыл парызымыз. 

Бабалардың құты қонып, бақ дарып,
Ақиқатты айттық тарих ақтарып.
Ауғаныстан, жете алмаған сан арман,
Қала бермек саналарда сақталып.