Наурыз мерекесі әл-Фараби кітапханасында

Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі 2017 жылдың 22 сәуір күні әл-Фараби кітапханасында да атап өтілді. 

Кітапхана басшылары Қ.Т. Туенбаева мен Ж.А. Арекенова ақ тілектерін айтып, кітапхана қызметкерлерін Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесімен құттықтады. Наурыз көже пісіріліп, наурыз мерекесінде тағайындалатын дәмді тәтті тағамдар әзірленіп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламада кітапханашы-менеджер Ерекеш Айдынгүл қазақ, қытай тілдерінде мереке туралы ән шырқаса, Кітапханалық-ақпараттық үдерістерді автоматтандыру басқармасының қызметкерлері –Жақыпов Әбілқайыр, Тілеумұратов Жандос сынды жігіттеріміз Ақпараттық технология департаментінің қызметкері Сансызбай Айжанмен өзара айтысқа түсті, көпшілікті суырып-салма өнерімен тәнті етті. Әрине, наурыз мейрамы болған соң, бабаларымыздан мұра болып қалған ұлттық ойын ойналып, салт-дәстүр көрсетіледі. Ақпараттық қызмет көрсету басқармасы тұсаукесер рәсімін көрсетті. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа арналған қызықты зияткерлік ойын-викторина да өткізілді. Концерттік бағдарлама Негізгі қорды жинақтау және сақтау басқармасының қызметкер қыздарының «Қара жорға» биімен аяқталды. 

Іс-шара барысында «Парасат» кәсіподақ комитетінің мүшесі Ш. Мұқашева мен Л. Рафкатова кәсіподақ комитетінің қолдауымен бірнеше номинациялар бойынша мерекелік байқау ұйымдастырды. Нәтижесінде «Наурыз көже шебері» номинациясында Барлыбаева Ғалия, «Дәмді бауырсақ» номинациясында Кипчакбаева Римхия, «Ерекше салат» – Балхашева Алмагуль, «Тәтті пісірме» – Кожахметова Әсел, «Үздік ұлттық киім» номинациясында Кайноллина Шолпан марапатталды.

Осылай кітапхана қызметкерлері Наурыз мерекесінде жайылған ақ дастарханнан дәм татып, бір-біріне жылы лебіз білдіріп, жақсы тілектерін айтып, шат-шадыман көңіл-күймен тарады.