«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

 Менің датым – сананы тәуелсіз ету...

                                 Ғарифолла Есім

Халқымен алғыс пенен бата алғаны.

Содан ғой жайсаң кісі атанғаны.

Ойымен білімімен шыңға шыққан

Бейбіт күннің бүгінгі қаһарманы 

Философия ғылымының докторы, профессор,  ҚР ҰҒА акдемигі – Ғарифолла Есімнің 70 жасқа толуына орай қарашаңырағымыздың іргесінде 2017 жылдың 15 сәуірінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Әл-Фараби кітапханасында өткен аталмыш конференцияда қазақ елі – мәңгілік ұлттық идеясының жаршысы, ғалым, жазушы Ғарифолла Есімнің 70 жылдық мерейтойына арналып шығарылған «Өнегелі өмір» сериясының 105 шығарылымының тұсау кесері болды. «Өнегелі өмір» сериясы кітабының салтанатты тұсау кесеріне ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы ЖОО оқытушылары қатысты. Кітапхана тарапынан қазақтың көрнекті философының еңбектері, оған арналған ҚазҰУ университет өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің газет пен журналдарға жазған мақалаларынан жинақталған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның философия мен дінтану саласында жазған «Фәлсафа тарихы», «Қазақ философиясының тарихы», «Дінтану негіздері»; көркем философиялық жанрда жазылған «Жар жағасы», «На краю бездны»; қазақ философиясының тарихы мен теориясын зерттейтін монографиясы «Хакім Абай» (орыс, қазақ, түрік тілдерінде); заманның мәдени-әлеуметтік кәмелетке бетбұрыс жағдайындағы қазақ философиясының теориясын жасау және оны ізге салу проблемалары көрініс тапқан «Сана болмысы» кітабының томдары, қазақ философиясының лексикасы туралы «Адам – зат»; саяси философия мәселелеріне арналған «Саяси философия» сынды еңбектері қойылды. Жазушының ұзақ жылдардағы ой-толғаныс, ізденісінен туған философиялық проза дәстүрінде жазылған «Социализм» атты романы украин, орыс, қазақ тілдеріндегі нұсқалары көрмеге қойылып, қазіргі оқырмандар арасынан өз бағасын алды. Ұсынылған көрме өзіндік философия мектебін қалыптастыра білген дарынды тұлғаның бұл бағыттағы сіңірген риясыз еңбектерінің көрінісі болды.